Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өңірлік экологиялық саммиттің пленарлық отырысында сөз сөйледі

Өңірлік экологиялық саммиттің пленарлық отырысы жоғары деңгейде өтті. Жиынның ашылу рәсімінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов және бірқатар мемлекет басшылары сөз сөйледі. Сонымен қатар, халықаралық ұйымдар өкілдері де баяндама жасап, экологиялық қауіпсіздік мәселелеріне тоқталды.

Саммит Біріккен Ұлттар Ұйымы және өзге де халықаралық ұйымдардың қолдауымен ұйымдастырылды. Ауқымды диалог алаңының басты мақсаты – экожүйелерді сақтау, су және жер ресурстарын тиімді пайдалану, табиғи байлықтарды қалпына келтіру және өңірлік ынтымақтастықты күшейту.

Сондай-ақ жиында Орталық Азиядағы биоалуантүрлілікті қорғау, климаттық өзгерістердің салдарын азайту және ортақ экологиялық саясатты қалыптастыру мәселелері кеңінен талқыланды.
Өңірлік экологиялық саммитте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысушыларды Жер күнімен құттықтап, табиғатты қорғау – бүкіл адамзатқа ортақ міндет екенін атап өтті. Мемлекет басшысы қазіргі таңда экологиялық мәселелер климатпен ғана шектелмей, таза ауа, сапалы су, азық-түлік қауіпсіздігі және қоғамның тұрақтылығымен тікелей байланысты екенін айтты.

Президент Орталық Азия елдері су тапшылығы, шөлейттену, мұздықтардың еруі, ауаның ластануы және биоалуантүрліліктің азаюы секілді ортақ сын-қатерлерге тап болып отырғанын жеткізді. Осыған байланысты мемлекеттер күш біріктіріп, нақты шешімдер қабылдауы қажет екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерін дамыту, су ресурстарын тиімді басқару, тозған жерлерді қалпына келтіру және орман алқаптарын көбейту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Сондай-ақ Каспий теңізі мен Арал мәселесіне ерекше тоқталып, өңірлік ынтымақтастықты күшейтуге шақырды.
Саммит қорытындысында Орталық Азиядағы экологиялық ынтымақтастық жөніндегі Астана декларациясы қабылданатыны айтылды.