300 мың қазақстандық еріктілер қатарында

Жезқазғанда өткен брифингте Қазақстандағы волонтерлік қозғалыстың даму деңгейі мен алдағы жоспарлары талқыланды. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кездесуге «Ұлттық волонтерлік желі» заңды тұлғалар бірлестігінің ұлттық волонтерлер фронт-офисінің жетекшісі Айбек Досымбетов қатысты.
Спикердің айтуынша, соңғы алты жылда еліміздегі еріктілер қозғалысы айтарлықтай қарқын алып, азаматтық қоғамның маңызды бөлігіне айналды. Егер 2020 жылы республика бойынша 224 волонтерлік ұйым жұмыс істесе, 2025 жылы олардың саны 810-ға жеткен. Ал белсенді волонтерлер қатары осы кезеңде 50 мыңнан 300 мың адамға дейін көбейген.
Бүгінде «Ұлттық волонтерлік желі» жыл сайын 60 мыңнан астам еріктіні түрлі бастамаларға тартып келеді. Ұйым өңірлермен әріптестікті нығайту, халықаралық ынтымақтастықты дамыту және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды күшейту бағытында жұмыс жүргізуде.
Брифинг барысында биылғы жылдың маңыздылығына ерекше тоқталынды. Біріккен Ұлттар Ұйымы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2026 жылды Халықаралық волонтерлер жылы деп жариялады. Осыған байланысты елімізде волонтерлік қызметті дамытуға бағытталған бірқатар жоба жүзеге асырылып жатыр.
Қазіргі таңда волонтерлік салада 8 негізгі жоба іске асырылуда. Сонымен қатар әртүрлі жас санатындағы азаматтардың еріктілік қызметке қатысуы артып, волонтерлік ұйымдардың байланыс орталықтарына түсетін өтініштер саны да көбейген.
Айта кетейік, осы уақытқа дейін 200-ден астам азамат «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығының лауреаты атанған. Сондай-ақ еріктілер қозғалысын дамыту мақсатында заманауи әдістемелік және аналитикалық материалдар әзірленіп, тәжірибеге енгізілуде.
Кездесу соңында БАҚ өкілдері өңірдегі волонтерлік қозғалыстың жай-күйі мен болашағына қатысты сұрақтарын қойды. Мамандардың айтуынша, Ұлытау облысында да ерікті болуға ниет білдірген жастар саны жылдан-жылға артып келеді.
Волонтерлік – тек көмек көрсету ғана емес, қоғамның дамуына үлес қосатын маңызды әлеуметтік институтқа айналып отыр.