Ұлытау төрінде «Бағаналы Байназар» асы өтті
29 тамыз күні Ұлытау ауданында Бағаналы Байназар бабаға арналған дәстүрлі ас өтіп, елдің әр өңірінен келген ағайынның басын қосты.

Қарт Ұлытаудың баурайында өткен тағылымды шарада баба рухына тағзым етіліп, тарихи мұраны дәріптеуге арналған ғылыми баяндамалар жасалды. Сондай-ақ ұлттық өнер мен спортқа ерекше мән беріліп, айтыс, концерттік бағдарлама және дүбірлі додалар ұйымдастырылды.

Астың ең тартысты сәттерінің бірі – аламан бәйге, құнан жарысы және түйе палуан бәсекелері болды. Үш сайыстың да бас жүлде иегерлеріне автокөлік табысталды. Осылайша, аламан бәйгенің жеңімпазы, құнан жарысында топ жарған шабандоз және түйе палуанның жеңімпазы – барлығы үш автокөліктің иегері атанды.

Жүлдегерлер де құр қол қайтқан жоқ. Аламан бәйге, құнан жарысы және түйе палуан бойынша II, III және IV орын алған қатысушыларға мотоциклдер берілді. Атап айтқанда, екінші орын иегерлеріне – 300 текше сантиметрлік, үшінші орынға – 250 текше сантиметрлік, төртінші орынға – 200 текше сантиметрлік мотоциклдер табысталды.

Дүбірлі дода мен ұлттық өнер тоғысқан «Бағаналы Байназар» асы баба рухына тағзым етіп қана қоймай, Ұлытау төрінде елдік дәстүрді жаңғыртып, ұлттық спорттың мерейін асырған ауқымды басқосуға айналды.