Жезқазғанды жасыл аймаққа айналдыру жоспарланып отыр
Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен Жезқазған қаласының жаңа әкімі Мұрат Бөрібаевты қала активіне таныстырып, шаһарды дамытуға бағытталған бірқатар маңызды міндет жүктеді.
Басым бағыттардың бірі – қаланың айналасында тұрақты жасыл белдеу қалыптастыру. Өңір басшысы «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстарды жаңа деңгейге көтеріп, абаттандыру ісін тек ағаш отырғызумен шектемеу қажеттігін атап өтті.
Сонымен қатар қала аумағын кешенді абаттандыру үшін бірыңғай дизайн-код әзірлеу тапсырылды. Бұл Жезқазғанның сәулеттік келбетін ретке келтіріп, қаланың бірыңғай визуалды стилін қалыптастыруға бағытталмақ.
Қаланың инженерлік инфрақұрылымын жаңғырту да назардан тыс қалмайды. Жылу желілері мен кәріз жүйелерін жаңарту жұмыстары ерекше бақылауда болуы тиіс.
Мұнымен қатар шағын және орта бизнестің дамуына жағдай жасау, қала бюджетінің кіріс бөлігін арттыру және жаңа инвестициялар тарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізу міндеті қойылды.
Агроөнеркәсіп кешенін дамытуға да басымдық берілмек. Бұл бағытта шаруа қожалықтарына қажетті қолдау көрсетуді қамтамасыз ету қажет.
Облыс әкімі барлық жұмыстың түпкі мақсаты – Жезқазған тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру екенін атап өтті. Қалада қолға алынған өзгерістер тұрғындар күнделікті өмірінде нақты сезінетін нәтижеге бағытталуы керек.
Сонымен бірге барлық жұмыс заңдылық пен тәртіп талаптарын қатаң сақтай отырып жүргізілуі тиіс. Қала әкімдігі қалалық мәслихатпен, қоғамдық ұйымдармен, кәсіпкерлермен және ең бастысы, тұрғындармен тығыз байланыста жұмыс істеуі қажет.
Осы міндеттердің барлығы Жезқазғанды абаттандыруға, инфрақұрылымын жаңғыртуға, кәсіпкерлік пен инвестицияны дамытуға және қала тұрғындары үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.