Жаңаарқада медициналық көмек аясы кеңеймек
Жаңаарқа кентіндегі аурухана аудан-аралық мәртебеге ие болады. Енді медициналық мекеме Жаңаарқа ауданының тұрғындарымен қатар Жәйрем кенті мен Қаражал қаласының халқына да қызмет көрсетпек. Осыған байланысты аурухананың емдеу ғимараты кеңейтіліп, қосымша медициналық құрал-жабдықтармен жарақтандырылуда.
Сондай-ақ бейінді мамандарды өңірге тарту жұмыстары қолға алынды. Ауданаралық аурухана мәртебесіне көшуге дайындық шеңберінде жаңадан шұғыл қабылдау және медициналық сұрыптау ғимаратының құрылысы басталды.
Бұдан бөлек, жыл соңына дейін заманауи медициналық құралдармен жабдықталған оңалту орталығы ашылады. Қазірдің өзінде емдеу мекемесі созылмалы бүйрек ауруларын емдейтін аппараттармен толықты.
Келер жылдан бастап, аурухана Жаңаарқа ауданы ғана емес, жақын орналасқан Қаражал қаласы мен Жәйрем кенті тұрғындарына да тегін медициналық көмек көрсетеді.
Мекеменің материалдық-техникалық базасымен қатар кадрлық әлеуетін арттыру жұмыстары да қатар жүріп жатыр. Биылдың өзінде аурухана жоғары білікті 8 маманмен толықты. Өзге өңірлерден келген жас мамандарға 8 млн теңге көлемінде көтермеақы мен қызметтік баспана берілді.
Жалпы өңірде ұзақ жылдар кенжелеп қалған денсаулық сақтау саласын дамытудың арнайы жоспары бар.
Ауылдық медицинаны көтеру бағытында мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен соңғы 2 жылда 20 медициналық мекеме салынды.