Қоғам

Мемлекет басшысы Қазақстанда халық игілігіне бағытталған цифрлық экономиканы дамытуды тапсырды

Қазақстан жасанды интеллектіге негізделген цифрлық экономика құруға басымдық беруі керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің технологиялық дамуы мен цифрландырудың келесі кезеңіндегі міндеттерді атап өтті.

Президенттің айтуынша, Digital Qazaqstan стратегиясын жүзеге асыруға қажетті инфрақұрылым қалыптастырылып жатыр. Екі суперкомпьютер іске қосылған, жыл соңына дейін үшіншісі пайдалануға беріледі. Каспий теңізінің түбімен талшықты-оптикалық магистраль тарту жұмысы аяқталып, деректерді өңдеу орталықтары салынуда.

Мемлекет басшысы цифрландыру тек жаңа бағдарламалар сатып алумен немесе қолданыстағы үдерістерді автоматтандырумен шектелмеуі керектігін айтты. Оның сөзінше, жасанды интеллект, блокчейн, активтерді токенизациялау және цифрлық платформаларды дамыту экономиканың нақты нәтижесіне жұмыс істеуге тиіс. Осы бағыттағы міндеттерді жүзеге асыру үшін Үкімет жыл соңына дейін цифрлық жұмыспен қамтудың жеңілдетілген құқықтық режимін қалыптастырады.

Президент цифрлық экономиканың мүмкіндіктері азаматтардың тұрғылықты жеріне тәуелді болмауы қажет екенін де атап өтті. Келесі жылы Үкімет пен бизнес өкілдері бірқатар өңірде ауыл шаруашылығы өндірушілеріне өнімдерін өткізуге көмектесетін цифрлық жобаларды іске қоспақ. Нәтижелі тәжірибелерді кейін барлық өңірге тарату көзделген. Сонымен қатар активтерді цифрлық ортаға көшіру арқылы азаматтарға компаниялар мен түрлі нысандардың ортақ иесі болуға, ал кәсіпкерлерге капиталды делдалсыз тартуға мүмкіндік беру мәселесі көтерілді.

Мемлекет басшысы келесі жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауды ұсынды. Оның аясында облыс орталықтары мен аудандарда, елді мекендерде жолдар, әуежайлар, вокзалдар, денсаулық сақтау мекемелері және ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған оңалту орталықтары салынып, жөнделуі қажет. Сондай-ақ шығармашылық үйлері, спорт кешендері, кітапханалар мен ғылыми орталықтар салу жоспарланған. Тұрғын үй құрылысы да маңызды міндет болып қала береді.

Президент ауқымды жобаларды жүзеге асыруда мемлекеттік басқару сапасына ерекше мән берді. Оның айтуынша, құрылыс нысандарын мұқият іріктеу, сенімді компаниялармен жұмыс істеу және жобалардың әр кезеңін қатаң бақылау қажет.

Back to top button