Ұлытау облысында спорттың 38 түрі бойынша 8 мыңнан астам адам тегін жаттығады

Ұлытау облысында балалар мен жасөспірімдерді спортқа тарту, бұқаралық спортты дамыту және жоғары жетістіктер спортын қолдау бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр. Қазіргі таңда өңірде спорттың 38 түрі бойынша 8 077 адам тегін жаттығады. Аймақта жас спортшыларды даярлауға арналған 10 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді. Мұнда 263 жаттықтырушы-оқытушы еңбек етіп, өскелең ұрпақтың спорттық шеберлігін шыңдауға үлес қосып келеді.

Балалар мен жасөспірімдерге арналған мүмкіндіктер спорт мектептерімен ғана шектелмейді. Мәселен, «Намыс» спорт клубында 14 жаттықтырушының жетекшілігімен 350-400 бала тұрақты түрде жаттығады. Ал Жәйрем кентіндегі М. Дәрібеков атындағы спорт кешенінде 444 бала спорттың түрлі бағыты бойынша дайындықтан өтеді. Жезқазған қаласындағы Спортты дамыту орталығында да жас спортшыларға қажетті жағдай жасалған. Мұнда 15 жаттықтырушы 672 спортшыны даярлап жатыр.

Бұқаралық спорттың қолжетімділігін арттыру мақсатында өңірде мемлекеттік спорттық тапсырысты жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру бағдарламасы да жүзеге асырылуда. Оның аясында облыс бойынша 980-ге жуық ваучер берілген. Қазіргі уақытта осы жүйе арқылы спорттың 15 түрінен секциялар жұмыс істейді.

Ұлытау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы балалар мен жасөспірімдерді спортқа кеңінен тарту, спорттық инфрақұрылымның қолжетімділігін арттыру және кәсіби спортшыларды даярлау жұмыстарын жалғастыруда. Негізгі мақсат – өскелең ұрпақтың денсаулығын нығайтып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға және спортпен айналысуға баршаға тең мүмкіндік жасау.