Білім

Қазақстанның үш университеті Азияның үздік 100 жоғары оқу орнының қатарына енді

Қазақстан Орталық Азиядағы жоғары білім беру саласындағы көшбасшылық орнын сақтап қалды. QS Asia University Rankings 2027 халықаралық рейтингінің алғашқы жүздігіне еліміздің үш университеті енді. Ал жалпы рейтингке Қазақстанның 51 жоғары оқу орны енгізілді.

QS Quacquarelli Symonds халықаралық талдау агенттігі Азияның үздік университеттерінің жаңа рейтингін жариялады. Биылғы тізімге Азияның 26 елі мен аумағынан 1722 жоғары оқу орны енген. Қазақстан рейтингке қатысқан университеттер саны бойынша Азияда 10-орынға тұрақтады.

Ал Орталық Азия елдері арасында Қазақстан үш бірдей университетін үздік жүздікке енгізген жалғыз мемлекет атанды.

Атап айтқанда, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 46-орынға жайғасса, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті 62-орынды иеленді. Ал Satbayev University 89-орыннан көрінді.

Биыл қазақстандық жоғары оқу орындарының халықаралық рейтингтегі өкілдігі де кеңейген. Өткен жылмен салыстырғанда тізімге енген университеттер саны жетіге артты. Соңғы үш жылда олардың қатары 34-тен 51-ге дейін өскен. Оның ішінде жеті университет рейтингке алғаш рет қатысып отыр.

Жекелеген жоғары оқу орындары өз көрсеткіштерін айтарлықтай жақсартты. Мәселен, Назарбаев Университеті бірден 62 сатыға көтеріліп, 139-орынға тұрақтады. Осылайша, Азияның үздік 200 университетінің қатарына екінші жыл қатарынан енді. Ал Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті 64 орынға жоғарылап, 618-орынға жайғасты.

Рейтинг қорытындысы қазақстандық университеттердің білім беру ортасы, академиялық ұтқырлық және халықаралық ынтымақтастық бағыттарында нәтижелері жоғары екенін көрсетті. Бағалаудың 11 индикаторының жетеуі бойынша отандық жоғары оқу орындарының орташа көрсеткіші Азия университеттерінің орташа деңгейінен асып түскен.

Атап айтқанда, академиялық алмасу бағдарламалары аясында шетелге шығатын студенттердің үлесі бойынша Қазақстанның орташа көрсеткіші 58,8 балды құрады. Азия бойынша бұл көрсеткіш 22,6 балға тең. Ал оқытушылар мен студенттер санының арақатынасы бойынша отандық университеттер 52 балл жинаса, құрлықтағы орташа көрсеткіш 34,6 балды құраған.

Сонымен қатар жұмыс берушілер арасындағы бедел көрсеткіші бойынша қазақстандық жоғары оқу орындары 38,8 балға ие болды. Бұл да Азиядағы орташа деңгейден (24,9 балл) жоғары.

Жекелеген индикаторлар бойынша да отандық университеттер жоғары нәтижелерге қол жеткізген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті оқытушылар мен студенттер санының арақатынасы және академиялық алмасу бағдарламалары аясында шетелге шығатын студенттердің үлесі бойынша Азияда 12-орынға тұрақтады. Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті соңғы көрсеткіш бойынша 29-орыннан 18-орынға көтерілді.

Ал Назарбаев Университеті халықаралық ғылыми ынтымақтастық индексі бойынша 24-орынға, шетелдік оқытушылардың үлесі бойынша 26-орынға ие болды. Бұл бағытта Satbayev University 34-орынға тұрақтаса, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 52-орыннан 40-орынға көтерілді.

Бұдан бөлек, Қазақстанның 10 жоғары оқу орны оқытушылар мен студенттер санының арақатынасы бойынша Азияның үздік 100 университетінің қатарына енген. Алты университет академиялық алмасу аясында шетелге шығатын студенттер үлесі жөнінен алғашқы жүздіктен көрінсе, жеті жоғары оқу орны шетелдік оқытушылардың үлесі бойынша үздік 100 университеттің қатарынан орын алды.

Мамандардың пікірінше, Қазақстанда халықаралық академиялық ынтымақтастықтың кеңеюі жоғары білім беру жүйесінің дамуына қосымша мүмкіндік беріп отыр. Соның ішінде елімізде шетелдік университеттердің 30-дан астам филиалының ашылуы білім беру бағдарламаларын жетілдіруге, академиялық ұтқырлықты арттыруға және халықаралық байланыстарды нығайтуға ықпал етеді.

QS Quacquarelli Symonds агенттігінің аға вице-президенті Бен Саутер Қазақстанның Орталық Азиядағы жетекші орнын сақтап отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, Назарбаев Университетінің Азияның үздік 200 жоғары оқу орнының қатарына енуі ғылыми зерттеулерді қолдау мен жоғары білімді интернационалдандырудың маңызын көрсетеді.

Ал агенттіктің өңірлік директоры Сергей Христолюбов рейтингке Қазақстанның 19 қаласынан 51 университет енгеніне назар аударды. Бұл еліміздің халықаралық білім беру кеңістігіндегі танымалдығы артып келе жатқанын аңғартады.

Айта кетейік, QS Asia University Rankings – жоғары оқу орындарын академиялық беделі, түлектердің жұмыс берушілер арасындағы сұранысы, білім беру ортасының сапасы, ғылыми-зерттеу нәтижелері, халықаралық ынтымақтастық және академиялық ұтқырлықты қамтитын 11 индикатор бойынша бағалайтын халықаралық рейтинг.

Back to top button