Жезқазғанда 100 орындық онкологиялық орталық салынады

Ұлытау облысында онкологиялық ауруларды анықтау мен емдеуге арналған заманауи медициналық кешен салынады. Жаңа орталық іске қосылғанда тұрғындар химиотерапия, сәулелік терапия және күрделі диагностикалық қызметтерді өз өңірінде ала алады.

Жезқазғанда онкологиялық орталықтың құрылысы ресми түрде басталды. Іргетас қалау рәсіміне Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, медицина саласының өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.

Жаңа медициналық кешен 2,6 гектар аумаққа орналасады. Ғимараттың жалпы ауданы шамамен 21 980 шаршы метрді құрайды. Жоба аясында 100 орындық стационар және ауысымына 250 адам қабылдайтын консультациялық-диагностикалық орталық қарастырылған.
Облыс әкімі Есет Байкен бұл нысанның өңір үшін маңызы зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, онкологиялық орталықтың салынуы – медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, адам өмірін сақтауға бағытталған маңызды қадам. Әсіресе, қатерлі ісік ауруларын ерте анықтап, емді уақытылы бастау науқастың өмірі үшін шешуші рөл атқарады.

Бүгінде өңірде онкологиялық қызметтің мүмкіндіктері біртіндеп кеңейіп келеді. Кейінгі уақытта бейінді мамандар саны 3-тен 11-ге дейін артқан. Ал тәулік бойы жұмыс істейтін төсек-орын қоры 20-дан 50-ге дейін ұлғайған. Жаңа орталық осы бағыттағы жұмысты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың мәлімдеуінше, жоба аясында онкологиялық науқастарға қажетті химиотерапия және сәулелік терапия құрылғылары қарастырылған. Сондай-ақ онкохирургия мен заманауи диагностиканың мүмкіндіктері кеңейтіледі. Құрылысты еліміздің ірі компанияларының бірі – BI Group жүргізеді.

Орталықта интервенциялық онкология, химиотерапия, сәулелік терапия және мамандандырылған оңалту қызметтері көрсетілмек. Бұл науқастарға ауруды анықтаудан бастап, емделу мен кейінгі медициналық бақылауға дейінгі көмекті бір жерден алуға жағдай жасайды.
Бұған дейін онкологиялық ауруға шалдыққан тұрғындардың бір бөлігі күрделі тексерулер мен ем алу үшін Қарағанды, Астана қалаларына баруға мәжбүр болатын. Жаңа орталықтың салынуы осы қажеттілікті азайтып, науқастардың уақытын үнемдеуге және медициналық көмекті тұрғылықты жеріне жақын алуға мүмкіндік береді.

Салтанатты рәсім аясында құрметті қонақтар болашақ медициналық кешеннің құрылыс алаңына арнайы капсула салды. Жаңа нысанның бой көтеруі Ұлытау облысында онкологиялық қызметті дамытудағы маңызды кезең болмақ.