Мәдениет

Жезқазғанның өнер ордасы академиялық мәртебеге ие болды

Жезқазған қаласындағы Серке Қожамқұлов атындағы Ұлытау облыстық қазақ музыкалық-драма театры жаңа мәртебеге ие болды. Қазақстан Үкіметінің шешімімен өнер ордасына «Академиялық» мәртебесі берілді. Үкімет мұндай шешімді театр ұжымының шығармашылық жетістіктерін, қазақ сахна өнерін дамытуға және ұлттық мәдениетті насихаттауға қосқан үлесін ескере отырып қабылдаған.

Театрдың шығармашылық тарихы Арқалық қаласынан бастау алады. 1972 жылы 24 желтоқсанда ұжым Мұхтар Әуезовтің «Айман – Шолпан» комедиясымен алғаш рет көрерменге жол тартты. Ал 1981 жылы театрға қазақ сахна өнерінің көрнекті өкілдерінің бірі Серке Қожамқұловтың есімі берілді. 1988 жылы өнер ұжымы Жезқазған қаласына қоныс аударды.

Айта кетейік, осы Үкімет шешімімен Солтүстік Қазақстан облысындағы Сәбит Мұқанов атындағы театрға да «Академиялық» мәртебесі берілді. Бұл мәртебе – театр тарихындағы маңызды белес әрі шығармашылық ұжымның көпжылдық еңбегіне берілген жоғары баға.

Back to top button