Жезқазғандық төрт студент елдің үздік жүздігіне енді

Ұлытау облысының төрт студенті «Қазақстан колледждерінің ТОП-100 студенті» республикалық жобасында жеңімпаз атанып, еліміздің үздік білім алушыларының қатарына қосылды. Биыл байқауға еліміздің 440 колледжінен 5 500 студент қатысқан. Бірнеше кезеңнен тұратын іріктеу барысында үміткерлердің жобалары, уәждемелік хаттары мен бейнероликтері бағаланды. Қорытындысында үздік жүздіктің қатарына енген қатысушылар 6 қарашада Астана қаласында өткен салтанатты рәсімде марапатталды. Арнайы медальдар мен дипломдарды Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова табыстады.
Республикалық байқаудың жеңімпаздары – Жезқазған гуманитарлық колледжінің төртінші курс студенті Жауһар Серікова, индустриалдық-гуманитарлық колледжінің екінші курс студенті Нұрайым Құдайберген, жоғары политехникалық колледжінің екінші курс студенті Әлихан Қуандық және бизнес және көлік колледжінің үшінші курс студенті Мирас Алтынбай.
Өңір жетістігі мұнымен шектелмейді. Мирас Алтынбайдың «AQUA AI» жобасы байқаудың үздік 100 жұмысының арасынан іріктеліп, үздік бес жобаның қатарына енді. Жоба су ресурстарын тиімді пайдалануға, су жүйелеріндегі ақауларды ерте анықтауға және шығынды азайтуға бағытталған.
Осылайша, Ұлытау облысы республикалық жобада төрт жеңімпазбен танылып қана қоймай, үздік бестікке енген бастаманың авторын да шығарды. Бұл – өңір жастарының әлеуеті мен колледждердегі білім беру жұмысының нәтижесін көрсететін жетістік.