Қарсақбай кентіндегі Мәдениет үйі жаңғыртудан өтті

Ұлытау ауданына қарасты Қарсақбай кентіндегі Мәдениет үйі күрделі жаңғыртудан кейін қайта ашылды. Жоба «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен жүзеге асып, енді тұрғындар заманауи мәдени кеңістікті пайдалана алады.

Жобаның жалпы құны — 167 миллион теңге. Оның 150 миллион теңгесі «Қазақстан халқына» қорының қаражаты есебінен бөлінсе, қалған 17 миллион теңгені аудандық бюджет қаржыландырды.

Жаңғырту аясында Мәдениет үйінің аумағындағы ашық алаңқай абаттандырылып, үлкен сахна орнатылды. Сахна заманауи дыбыс және жарық құрылғыларымен жабдықталған. Сонымен қатар, аумаққа ұлттық нақыштағы арт-киіз үй мен алтыбақан қойылды.

Жаңарған мәдени кеңістік енді түрлі шығармашылық іс-шаралар мен мерекелік басқосуларды өткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жергілікті өнерпаздардың басын қосып, жас таланттардың шығармашылығын дамытуға жол ашады деп күтілуде. Бұл жоба — ауылдық елді мекендердегі мәдени инфрақұрылымды жақсартуға және тұрғындардың рухани өмірін жандандыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі.