Қоғам

Жезқазғанда тәулігіне 66 мың текше метр су тазартатын кешен іске қосылады

Жезқазған қаласында ауыз су сапасын жақсартуға бағытталған маңызды инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылып жатыр. Қаладағы ауыз су тазарту шаруашылығы – Гидроцех толық қайта жаңартылуда. Жобаның нәтижесінде тәулігіне 66 мың текше метр су тазартуға мүмкіндік беретін заманауи кешен іске қосылады.

Биыл нысандағы құрылыс жұмыстарына жаңа мердігер – «Integra Construction KZ» ЖШС тартылды. Қазіргі уақытта құрылыс алаңында 126 маман еңбек етіп жатыр.

Бүгінде жаңа су тазарту станциясында технологиялық құбырлар мен сорғы жабдықтарын орнату, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Ал технологиялық сорғы станциясындағы металл конструкцияларды монтаждау 85 пайызға аяқталған. Бұдан бөлек, инженерлік желілер жаңартылып, қосалқы сорғы станциясының жаңа ғимараты салынды.

Құрылыс барысымен қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Маруа Келмағанбетова танысты. Ол мердігер ұйым өкілдерімен кездесіп, жұмыстың сапасы мен қарқынына, сондай-ақ құрылыс кестесінің сақталуына назар аударды.

Жоспар бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары 2027 жылдың бірінші жартыжылдығында аяқталуы тиіс. Ал кешенді толық іске қосу келер жылдың қыркүйек айына жоспарланған.

Жоба толық жүзеге асқан жағдайда Жезқазған қаласының су тазарту инфрақұрылымы жаңарып, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мүмкіндігі арта түспек.

Back to top button