Спорт

Ұлытау спортшылары әлемдік ареналарда 6 медаль жеңіп алды

Ұлытау облысының спортшылары халықаралық ареналарда өңір намысын абыроймен қорғап, әлемдік деңгейдегі жарыстардан жүлдемен оралып жүр. Осыған орай облыс әкімі Есет Байкен бірқатар халықаралық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін және олардың жаттықтырушыларын қабылдады.

Кездесуде спортшылардың соңғы жетістіктері аталып, олардың жеңіске жету жолындағы еңбегі мен дайындығы сөз болды.Атап айтқанда, жезқазғандық Даяна Федосова Пара Азия ойындарында қола медаль иеленді. Жастар арасындағы бокстан әлем чемпионатында Жаңаарқа кентінің тумасы Владислав Саможонов күміс жүлдеге қол жеткізсе, жезқазғандық Индира Қыдырмолдаева қола медаль жеңіп алды.

Пара қол күресінен де Ұлытау облысының спортшылары жоғары нәтиже көрсетті. Жаңаарқалық Азамат Нұрәлиев ересектер арасында әлем чемпионы атанса, Асылжан Иманбаева жастар арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль иеленді. Ал Ермек Смаилов ересектер арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері болды.

Сондай-ақ Сәтбаев қаласының спортшысы Неймат Асадов ересектер арасындағы аралас жекпе-жектен (ММА) әлем чемпионатында күміс медаль еншіледі.

Облыс әкімі спортшыларды жеңістерімен құттықтап, халықаралық деңгейде өңірдің абыройын асқақтатқан жетістіктері үшін алғыс білдірді. Сонымен қатар спортшыларды шыңдауда ерекше еңбек сіңіріп жүрген жаттықтырушылардың кәсіби шеберлігі мен еңбегіне тоқталды.

Кездесу барысында дарынды спортшыларды қолдау, олардың кәсіби дамуына жағдай жасау және өңірдегі спорт саласын одан әрі дамыту мәселелеріне де назар аударылды.

Back to top button