Ұлытау тынысы

Робототехника, өнер, спорт: балаларға арналған орталықта тағы не бар?

Ұлытау облысында балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық, зияткерлік және спорттық қабілеттерін дамытуға арналған «Шабыт» орталығы жұмыс істейді. Бұл – Болат Өтемұратов қорының өңірдегі алғашқы жобасы. Қосымша білім беру мекемесі балаларға түрлі бағытта білім алып, өз қабілетін шыңдауға мүмкіндік береді.

Жалпы аумағы 2 603 шаршы метрді құрайтын заманауи орталық бір мезетте 250 баланы қабылдай алады. Мұнда қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген 14 оқу кабинеті жұмыс істейді.

Оқушылар робототехника, STEM, цифрлық өнер, информатика, музыка, хореография, бейнелеу өнері, керамика, шахмат және спорт бағыттары бойынша білім ала алады. Әр кабинет заманауи технологиялық жабдықтармен жарақтандырылған. Атап айтқанда, интерактивті панельдер, 3D-принтерлер мен лазерлік станоктар балалардың теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруына жағдай жасайды.

Орталықтың мүмкіндіктері мұнымен шектелмейді. Мұнда 150 орындық акт залы, фотостудия, ерте дамыту кабинеті мен сенсорлық бөлме бар. Сондай-ақ балалардың демалуына, өздігінен білім алуына және түрлі іс-шараларға қатысуына арналған көпфункциялы кеңістіктер қарастырылған.

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың да орталық қызметін пайдалануына мүмкіндік жасалған. Ғимарат инфрақұрылымы кедергісіз орта талаптарына сәйкес бейімделген.

«Шабыт» орталығы балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып қана қоймай, олардың жаңа бағыттарды меңгеруіне, шығармашылық ізденісіне және жеке қабілеттерін дамытуына жол ашады. Ата-аналар балаларының қызығушылығы мен бейіміне қарай білім беру бағыттарын таңдай алады.

Back to top button