Қаражалда облыстық студенттер спартакиадасы өтті

Ұлытау облысының студенттері Қаражал қаласында өткен дәстүрлі спартакиадада бас қосты. Спорттық додаға Жезқазған, Сәтбаев және Қаражал қалаларындағы оқу орындарының жүзге жуық студенті қатысып, бес спорт түрінен өзара мықтыны анықтады.

Жарыстың ашылу салтанатында қала әкімінің орынбасары Диана Оспанбекова қатысушыларға сәттілік тілеп, спорттық бәсекенің маңызын атап өтті. Спартакиаданы Қаражал қалалық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі ұйымдастырды.

Жарыс барысында студенттер спорттық шеберліктерін көрсетіп қана қоймай, ұлттық ойындарда да бақ сынады. Әр команда жеңіс үшін бар күшін салып, тартысты бәсекеге түсті. «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында өткен шара жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға, бұқаралық спортты дамытуға және студенттердің спортқа қызығушылығын арттыруға бағытталды.

Спартакиада қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте Жезқазған қаласының командасы жеңімпаз атанды. Ал жекелей және командалық сайыстарда үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар мен жүлдегерлер естелік медальдар және алғыс хаттармен марапатталды.

Осылайша, Қаражалда өткен спорттық дода студенттердің басын қосып, достық пен салауатты бәсекенің алаңына айналды.