Ұлытау облысында жыл басынан бері 22 ветеринариялық нысан ашылды

Ұлытау облысында ветеринариялық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасуда. Жыл басынан бері өңірде 22 жаңа ветеринариялық нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Оның бірі – ветеринариялық станция, қалған 21-і – ветеринариялық пункт, деп хабарлайды облыс әкімдігінің ресми сайты.

Жаңа нысандар ауылдық елді мекендерде ветеринариялық қызметтің қолжетімділігін арттырып, мал шаруашылығына қажетті инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған. Солардың бірі – Кеңгір ауылдық округінде ашылған ветеринариялық пункт. Ғимарат малды арнайы бекіту құрылғысымен жабдықталған. Оның көмегімен жануарларға вакцина салу, диагностикалық зерттеулер жүргізу және түрлі ветеринариялық өңдеу жұмыстарын қауіпсіз әрі тиімді атқаруға болады.

Кеңгір ауылында бүгінде 4 784 ірі қара, 6 719 ұсақ мал, 6 601 жылқы және 32 түйе бар. Мал басының көптігін ескерсек, жаңа ветеринариялық пункттің іске қосылуы ауыл тұрғындары мен шаруа қожалықтары үшін маңызды. Енді олар қажетті ветеринариялық көмекті өз елді мекенінде ала алады. Бұл мамандардың профилактикалық және диагностикалық жұмыстарды уақытылы жүргізуіне де мүмкіндік береді.
Жалпы, жаңа ветеринариялық нысандардың ашылуы мал саулығын сақтауға, жұқпалы аурулардың алдын алуға және өңірдегі ветеринариялық қызмет сапасын арттыруға ықпал етпек.