Себепсіз сабақтан қалу мен буллингке бақылау күшейеді

21 қарашадан бастап Қазақстан мектептерінде балаларды есепке алу және буллингке қатысты өтініштерді қарау тәртібі өзгереді. Жаңа талаптар Ұлытау облысындағы білім беру ұйымдарына да қолданылады.
Енді білім беру органдары туғаннан 18 жасқа дейінгі балалар туралы мәліметтер қамтылған бірыңғай дерекқор жүргізеді. Оған балабақша тәрбиеленушілері, мектеп оқушылары, біліммен қамтылмаған балалар, сондай-ақ сабаққа дәлелді себепсіз жүйелі түрде қатыспайтын оқушылар туралы ақпарат енгізіледі. Сабақты жиі себепсіз босататын оқушылар жөніндегі мәліметтер ай сайын полиция деректерімен салыстырылады. Жинақталған ақпарат әр айдың 10-ына дейін Ұлттық білім беру деректер қорына енгізілуі тиіс.
Бұдан бөлек, мектептегі буллингке қатысты өтініштерді қарау тәртібі де қатаңдайды. Білім басқармалары қорлау мен қудалау туралы түскен хабарламаларды бір жұмыс күні ішінде тіркеуге міндеттеледі. Ал мектептер балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және буллингтің алдын алу бағытында атқарылған жұмыстар туралы есеп беріп отырады. Жаңа тәртіп бойынша буллингтен зардап шеккен балалардың ата-аналары ғана емес, буллингке қатысы бар деп болжанған оқушылардың ата-аналары да білім беру органдары қабылдаған шешімдерге шағымдана алады.
Жаңа талаптар Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2026 жылғы 2 қарашадағы бұйрығымен бекітілген.