Спорт

Ұлытау боксшылары ел біріншілігінде бес жүлде жеңіп алды

Ұлытау облысының жас боксшылары Ақтау қаласында өткен 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатында табысты өнер көрсетті. Өңір спортшылары ел біріншілігінде бір алтын және төрт қола медаль иеленді.

7–13 қараша аралығында ұйымдастырылған республикалық додаға еліміздің 20 өңірінен 235 спортшы қатысып, 14 салмақ дәрежесінде чемпиондық атақты сарапқа салды.Жарыста Ұлытау облысының намысын қорғаған Сұлтан Бейбарыс 52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қарсыластарынан басым түсіп, ел чемпионы атанды.

Сонымен қатар 46 келіде Дінмұхамед Мұқанбетқанапия, 54 келіде Осман Жәнібек, 66 келіде Жандос Қалқанов және 80 келіде Әділет Мұханбетқали қола жүлдегер атанды. Жалпыкомандалық есепте Түркістан облысының құрамасы 3 алтын, 3 күміс және 2 қола медальмен бірінші орынға шықты. Ал Ұлытау облысының боксшылары бір алтын және төрт қола жүлдемен ел біріншілігін қорытындылады.

Айта кетейік, бұл чемпионат жас боксшылардың шеберлігін шыңдап, алдағы халықаралық жарыстарға әлеуетті спортшыларды іріктеуге мүмкіндік беретін маңызды дода саналады.

Back to top button