Ұлытаулық асық атушылар Қазақстан чемпионатында топ жарды

Ұлытау облысының спортшылары асық атудан ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатында екі жүлделі орынға ие болды. Павлодар қаласында өткен ел біріншілігінде Батырбай Сәрсекеев алтын медаль жеңіп алса, Саят Жаркенов қола жүлдені еншіледі.

Биылғы чемпионаттың ерекшелігі – жарыстың Павлодар облысында алғаш рет ұйымдастырылуы. Үш күнге созылған спорттық додаға еліміздің 19 өңірінен 200-ге жуық спортшы қатысты. 21 жастан асқан қатысушылар дәстүрлі жекелей сайыс пен блиц форматында өзара мықтыны анықтады.
Ұлытау облысының намысын қорғаған спортшылар блиц бәсекесінде жоғары нәтиже көрсетті. Батырбай Сәрсекеев қарсыластарынан басым түсіп, жарыстың алтын жүлдесін иеленді. Осылайша, ол Қазақстан чемпионы атанды. Ал Саят Жаркенов үздік үштіктен көрініп, қола медальға қол жеткізді. Күміс жүлде Шымкент қаласының өкілі Нұрқисса Молжігітовке бұйырды.
Айта кетейік, чемпионат аясында дәстүрлі жекелей сайыс бойынша да жеңімпаздар анықталды. Бұл бәсекеде Павлодар облысының өкілі Жомарт Нұрланов бірінші орынға ие болды. Ал ерлер арасындағы блиц сайысында Ұлытау облысының екі спортшысының жүлдегерлер қатарынан көрінуі өңір үшін айтулы нәтиже болды.
Жарыс қорытындысы бойынша Батырбай Сәрсекеев пен Саят Жаркенов Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасына қабылданды. Енді олар халықаралық деңгейдегі жарыстарда ел намысын қорғайды. Атап айтқанда, Батырбай Сәрсекеев келер жылы Азия чемпионатына қатысса, Саят Жаркенов халықаралық турнирде бақ сынайды.
Ұлттық спорттың дамуына үлес қосып жүрген ұлытаулық спортшылардың бұл жетістігі өңірдегі асық ату спортының әлеуетін тағы бір мәрте көрсетті.