Қазақстанда 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желіге тіркелуге тыйым салынуы мүмкін

Қазақстанда 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерде аккаунт ашуына шектеу енгізу ұсынылды. Тиісті норма онлайн-платформалар мен бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты заң жобасына енгізілген. Құжатты Құрылтай депутаттары бірінші оқылымда мақұлдады.
Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев Құрылтай отырысында мәлімдеді. Министрдің айтуынша, бастама балаларды цифрлық кеңістіктегі зиянды әрі деструктивті контенттен қорғауға бағытталған. Қазір кәмелетке толмағандардың онлайн-платформалардағы ақпаратқа қол жеткізуін шектеу тетіктері жеткіліксіз.
Ұсынылып отырған талапқа сәйкес, әлеуметтік желі иелері мен олардың Қазақстандағы өкілдіктері пайдаланушылардың жасын тексеруге міндеттеледі. Алайда шектеу мессенджерлерге, сондай-ақ eGov.kz және Kundelik.kz сияқты мемлекеттік және білім беру платформаларына қолданылмайды.
Құрылтай отырысында министр бұл бастаманың тек әлеуметтік желілерге қатысты екенін нақтылады. Яғни балалардың ата-аналарымен, мұғалімдерімен және жақындарымен мессенджер арқылы байланысуына шектеу қойылмайды.
Айта кетейік, заң жобасы әзірге бірінші оқылымда мақұлданды. Алдағы уақытта құжат әлі де талқыланып, екінші оқылымда қаралады. Сондықтан жаңа талаптың күшіне ену мерзімі мен жас ерекшелігін тексеру тәртібі заңнамалық рәсімдер барысында нақтылануы мүмкін.