Қазақстанда 2027 жылы бес спорт түрінен әлем чемпионаты өтеді

2027 жылы Қазақстанда бокстан, дзюдодан, үстел теннисінен, таеквондодан және шорт-тректен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаттары ұйымдастырылады. Сонымен қатар, келесі жылы Астана қаласы алғаш рет УЕФА конгресін қабылдайды. Бұл туралы ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, Қазақстан соңғы жылдары халықаралық спорттық іс-шараларды өткізу бағытында белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Мәселен, 2026 жылы ел аумағында стенд атудан және боччадан Әлем кубогының кезеңдері, дзюдодан Grand Slam турнирі, семсерлесуден халықаралық жарыстар және жүзуден Әлем кубогының финалдық кезеңі өтті. Сондай-ақ, күрестен әлем чемпионаты мен Біріккен күрес әлемінің конгресі ұйымдастырылды.
Алдағы жылдың спорт күнтізбесінде бірнеше маңызды халықаралық дода бар. Атап айтқанда, бес спорт түрінен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаттары өтеді. Бұл жарыстар жас спортшылардың халықаралық деңгейде тәжірибе жинауына және елдегі спорт саласының дамуына мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, 2027 жылдың сәуір айында Астанада УЕФА-ның 51-конгресі өтеді. Оған Еуропаның 55 ұлттық футбол қауымдастығының өкілдері, ұйым басшылығы мен халықаралық спорт құрылымдарының мүшелері қатысады. Бұл – Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылатын маңызды футбол жиындарының бірі.
Халықаралық спорттық іс-шараларды өткізу жоспары мұнымен шектелмейді. 2029 жылы Алматы қаласында қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Осылайша, Қазақстан алдағы жылдары әлемдік спорт күнтізбесіндегі маңызды жарыстар мен халықаралық кездесулер өтетін алаңдардың біріне айналуды көздейді.