Ұлытау тынысы

Ұлытау ауданында 50 мың бас қой өсіруге арналған жоба жүзеге асырылмақ

Ұлытау ауданында мал шаруашылығын дамытуға бағытталған бірнеше ірі инвестициялық жоба қолға алынуда. Соның бірі – 2027 жылы «Aqrotesh LLP» серіктестігінің 50 мың бас қой өсіру жобасы. Қазіргі уақытта жер учаскесін рәсімдеу аяқталып, облыстық комиссияның оң шешімі алынған.Бұл туралы аудан әкімі Аманжол Мырзабеков облыс әкімі Есет Бәйкенмен кездесуде мәлімдеді.

Ауданның ауыл шаруашылығы саласындағы инвестициялық жобаларының бірі – «SARYSU RANCH» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің бастамасы. Кәсіпорын «Ұлытау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 1 млрд 370 млн теңге несие алып, 11 мың бас қой шаруашылығын дамытуға кірісті. Сонымен қатар Мибұлақ ауылындағы «Ulytau» шаруа қожалығы 6 257 бас асыл тұқымды қой өсіру жобасына 770,8 млн теңге көлемінде несие алуға комиссияның оң шешімін алды. Қазір мал сатып алу және қысқы жемшөп дайындау жұмыстары жүргізілуде.

Мал шаруашылығын қолдауға бағытталған «Жайлау» бағдарламасы аясында биыл екі жоба жүзеге асырылуда. Егінді ауылындағы «Кеңгір» шаруа қожалығы 350 млн теңге қаржыға 440 бас ірі қара сатып алса, Мибұлақ ауылындағы «Бегимбетов» шаруа қожалығы 270 млн теңгеге 390 бас мал әкелген. Осылайша, екі жобаға жалпы 620 млн теңге бағытталып, 830 бас ірі қара сатып алынған. Ал 2027 жылы осы бағдарлама аясында Аманкелді, Қаракеңгір, Қарсақпай, Қоскөл, Ұлытау және Мибұлақ ауылдарында жеті жобаны іске асыру жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, «Береке» бағдарламасы аясында Ұлытау ауылында шетелден 1 000 бас асыл тұқымды ірі қара сатып алу көзделген. Қажетті жерді рәсімдеу жұмыстары аяқталған. Қоскөл ауылында 5 000 бас асыл тұқымды қой өсіру жобасы да жоспарға енгізілген. Ауданда егін шаруашылығын дамыту бағытында да оң өзгерістер бар. 2026 жылы егістік алқап көлемі 20 780 гектарға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 4 080 гектарға ұлғайған. Маусым қорытындысында дәнді дақылдардан 22 858 тонна өнім жиналды.

Жалпы, аудан бойынша 1 386 шаруа қожалығы тіркелген. Оның 1 363-і мал шаруашылығымен, 23-і өсімдік шаруашылығымен айналысады.

Back to top button