20 қараша — Дүниежүзілік балалар күні

Бүгін, 20 қарашада, әлемде Дүниежүзілік балалар күні атап өтіледі. Бұл күн балалардың әл-ауқатын жақсарту, құқықтарын қорғау және олардың қауіпсіз ортада өсуіне жағдай жасау мәселелеріне қоғам назарын аударуға арналған.
Атаулы күн 1954 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы шешімімен белгіленген. 20 қараша – халықаралық бала құқықтарын қорғау тарихындағы маңызды дата. Өйткені 1959 жылы дәл осы күні Бала құқықтарының декларациясы, ал 1989 жылы Бала құқықтары туралы конвенция қабылданды.
Қазақстанда да балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі саналады. Биыл 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы қабылданды. Құжатта балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтарын қорғау, сапалы білім мен медициналық көмекке қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ әлеуметтік қолдау шараларын жетілдіру көзделген.
Бұдан бөлек, елімізде балалардың құқықтарын қорғау мәселелерімен айналысатын Бала құқықтары жөніндегі уәкіл институты жұмыс істейді.
Дүниежүзілік балалар күні – әр баланың бақытты балалық шаққа, білім алуға, қорғалуға және өз ойын еркін білдіруге құқығы бар екенін еске салатын маңызды дата. Балаларға қамқорлық жасау – тек бір күннің емес, қоғамның күнделікті міндеті.