Ұлытау тынысы

Ұлытау облысында есту және сөйлеу қабілеті бұзылған азаматтар жедел жәрдемді Telegram арқылы шақыра алады

Ұлытау облысында есту және сөйлеу қабілеті бұзылған азаматтарға арналған арнайы Telegram-бот іске қосылды. Енді олар телефон арқылы сөйлеспей-ақ, жедел медициналық жәрдем шақырып, өтінімнің орындалу барысын бақылай алады.

Жаңа цифрлық қызметті пайдалану үшін @ulytau103_bot Telegram-ботына өтіп, «Запустить» батырмасын басу немесе /start командасын жіберу қажет. Одан кейін пайдаланушы телефон нөмірін бөлісіп, профиль бөліміндегі жеке мәліметтерін толтыруы тиіс. Сонымен қатар тұрғылықты мекенжайын және жақын байланыс тұлғаларының деректерін енгізуге болады.

Жедел жәрдем шақыру үшін боттың төменгі бөлігіндегі «103» батырмасын басып, көмекке мұқтаж адамның аты-жөнін, мекенжайын және денсаулық жағдайын сипаттайтын мәліметтерді көрсету керек. Өтінім толтырылған соң «Жедел жәрдем шақыру» батырмасын басу жеткілікті.

Сервистің тағы бір артықшылығы – шақыртудың орындалу барысын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Пайдаланушы өтінімнің қаралуы, диспетчердің қабылдауы, медициналық бригаданың жолға шығуы және шақыртудың аяқталуы туралы ақпарат ала алады. Сондай-ақ бригада тағайындалған жағдайда оның картадағы орналасқан жері мен болжамды жету уақытын көруге болады.

Егер науқастың жағдайы нашарласа, «Менің жағдайым нашарлады» батырмасы арқылы диспетчерге қосымша ақпарат жіберуге болады. Ал медициналық көмек қажет болмаған жағдайда шақыртуды тоқтату мүмкіндігі қарастырылған.

Айта кетейік, Telegram-ботты тек шұғыл медициналық көмек қажет болған жағдайда пайдалану керек. Жалған шақырту жасағаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілік қарастырылған.

Back to top button