Спорт

Жезқазғанда еліміздің 9 өңірінен келген волейболшылар бақ сынап жатыр

Жезқазған қаласында волейболдан ерлер командалары арасындағы Қазақстан Республикасы Жоғары лигасының 35-чемпионаты мен Ұлытау облысы әкімінің Кубогы басталды. Республикалық деңгейдегі жарысқа еліміздің 9 өңірінен команда қатысып, өзара мықтыны анықтауда.

Дүбірлі дода «Жігер» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде өтіп жатыр. Алаңға Семей, Павлодар, Астана, Қызылорда, Қарағанды, Маңғыстау, Түркістан, Шымкент қалалары мен Ұлытау облысының командалары шықты. Жарыстың ашылу салтанатына Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен мен Қазақстан Республикасы Волейбол федерациясының бас төрешісі Арман Қалиев қатысты. Салтанатты шарада қатысушыларға сәттілік тілектер айтылып, өңірлерде волейбол спортын дамыту мен спорттық байланысты нығайтудың маңызы атап өтілді.

Қазақстан Республикасы Жоғары лигасының чемпионаты – командалар үшін кәсіби деңгейін көрсетіп, ойын тәжірибесін жетілдіруге мүмкіндік беретін маңызды бәсеке. Ал облыс әкімінің Кубогы жарыстың мәртебесін арттырып, қатысушылар арасындағы бәсекелестікті күшейте түседі.

Турнир аясында көрермендер бірнеше өңірдің үздік волейболшыларын бір алаңнан тамашалай алады. Сонымен қатар мұндай жарыстар жергілікті спорттың дамуына серпін беріп, жастардың волейболға қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.

Айта кетейік, чемпионат пен облыс әкімінің Кубогы 27 қарашаға дейін жалғасады. Жарыс қорытындысы бойынша үздік командалар анықталады.

Back to top button