Жол жүру уақыты екі есеге қысқарады: «Қызылорда – Жезқазған» тасжолының реконструкциясы аяқталды

Ұлытау облысында «Қызылорда – Жезқазған» автомобиль жолының қайта жаңғыртылған 208 шақырымдық учаскесінде көлік қозғалысы ашылды. Осылайша, еліміздің оңтүстік және орталық өңірлерін байланыстыратын жалпы ұзындығы 400 шақырымға жуық автожолды жаңғырту жұмыстары толық аяқталды.

Салтанатты рәсімге Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – көлік министрі Әсел Жанасова, Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ өкілдері мен өңір тұрғындары қатысты.

Ауқымды жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл қаңтарда өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында берген тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылды. Президент 2026 жылдың соңына дейін жолдың барлық учаскесінде көлік қозғалысын ашуды міндеттеген болатын.

Жоба аясында 4 миллион текше метрге жуық жер жұмыстары жүргізілді. Құрылыс кезінде 1 миллион тонна құм-қиыршықтас қоспасы, 650 мың тонна қиыршықтас-құм қоспасы пайдаланылып, 1,3 миллион тонна асфальтбетон төселді. Сонымен қатар төрт көпір, 78 су өткізгіш құбыр және мал айдауға арналған 18 өткел салынды. Құрылыс жұмыстарына 1,2 мыңға жуық маман мен 800 бірлік техника жұмылдырылды.

Көлік министрі Әсел Жанасованың айтуынша, бұл жоба Мемлекет басшысының көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмаларының нақты нәтижесі саналады. «Қызылорда – Жезқазған жобасы – Мемлекет басшысының көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмаларының нақты нәтижесі. Қызылорда – Ақтөбе, Қарағанды – Жезқазған жобаларымен және Арал – Каспий бағытымен бірге біз еліміздің оңтүстігін, орталығы мен батысын байланыстыратын бірыңғай заманауи көлік желісін қалыптастырып жатырмыз. Біз жай ғана жол салып жатқан жоқпыз, ел экономикасының дамуына негіз болатын біртұтас көлік жүйесін қалыптастырып жатырмыз», – деді Әсел Жанасова.

Өз кезегінде Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен жаңа жолдың өңір үшін маңызына тоқталды. Оның айтуынша, мұндай ірі инфрақұрылымдық жобалар облыстың экономикалық әлеуетін нығайтып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік береді. «Ұлытау облысы үшін Мемлекет басшысының өңірді әлеуметтік-экономикалық дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүйелі түрде жүзеге асырудың маңызы зор. Бүгінде Үкіметтің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан ауқымды инфрақұрылымдық жобалар облыстың экономикалық әлеуетін нығайтуға, өңірдің дамуына және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Қызылорда – Жезқазған автомобиль жолының ашылуы – осы бағыттағы жұмыстың маңызды кезеңі. Бұл өңіріміздің дамуына тың серпін береді», – деді облыс әкімі.

Айта кетейік, өткен жылы Қызылорда облысындағы ұзындығы 192 шақырым болатын қайта жаңғыртылған учаскеде көлік қозғалысы ашылған еді. Ал Ұлытау облысындағы соңғы 208 шақырымдық бөліктің пайдалануға берілуі тұтас жобаның аяқталғанын білдіреді.

Бұған дейін аталған жолдың техникалық жағдайы қанағаттанарлықсыз болып, өңірлер арасындағы қатынасты қиындатып келген. Енді жаңартылған автожол сапар уақытын екі есеге дейін қысқартуға, жолаушылар мен жүк тасымалының сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жол қауіпсіздігін жақсартып, оңтүстік пен орталық өңірлер арасындағы экономикалық және логистикалық байланысты нығайтуға ықпал етеді.