Өңірде тұмауға қарсы 28 мың адам вакцина алды

Ұлытау облысында тұмау мен жіті респираторлық вирустық инфекциялардың (ЖРВИ) маусымдық өршуіне дайындық жұмыстары жүргізілуде. Қажет болған жағдайда өңірдегі медициналық ұйымдарда 250-ге дейін инфекциялық төсек-орын ашуға мүмкіндік бар. Қазіргі таңда оның 96-сы жұмыс істеп тұр.
2026–2027 жылдардағы эпидемиологиялық маусымға дайындық аясында тұрғындарға тұмауға қарсы вакцина салу науқаны ұйымдастырылды. Бүгінге дейін 28 мың адам екпе алған. Бұл жоспарланған көрсеткіштің 82,4 пайызын құрайды.
Мамандар тұмауға қарсы вакцинацияны аурудың алдын алудың негізгі әрі тиімді тәсілдерінің бірі ретінде атап өтеді. Әсіресе, инфекцияны ауыр өткеру қаупі жоғары азаматтар үшін екпенің маңызы зор.
Сонымен қатар облыста эпидемиологиялық жағдайды тұрақты бақылауда ұстау және инфекциялық аурулардың таралуына жол бермеу жөніндегі кешенді жоспар бекітілген. Медициналық ұйымдар қажетті жағдайда қосымша төсек-орын ашуға дайын.
Дәрігерлер тұрғындарға маусымдық инфекциялардан сақтану үшін қарапайым профилактикалық шараларды ұстануға кеңес береді. Атап айтқанда, адам көп жиналатын орындарға баруды шектеу, бөлмелерді жиі желдету, қолды мұқият жуу және антисептик қолдану маңызды.
Ал дене қызуының көтерілуі, жөтел, тамақ ауруы сияқты белгілер байқалса, өздігінен емделмей, дер кезінде медициналық көмекке жүгіну қажет.
Дереккөз:Ұлытау облысы әкімдігінің ресми сайты.