Ұлытау облысында «Таза Қазақстан» аясында экологиялық шаралар өткізілді

Ұлытау облысында «Таза Қазақстан» ұлттық экологиялық бастамасын қолдау мақсатында Жезқазған және Қаражал қалаларында жастардың қатысуымен бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды. Басты мақсат — өскелең ұрпақтың экологиялық мәдениетін нығайту және табиғатты қорғауға деген жауапкершілігін арттыру.
Жезқазған қаласында «Экология және жастар белсенділігі» тақырыбында кездесу өтіп, экосана қалыптастыруға қатысты мәселелер талқыланды. Жастар ресурстық орталығының директоры Сәкен Қайратұлы жастардың экологиялық жобаларға белсенді қатысуының маңызын атап өтіп, табиғатты қорғау әр адамнан басталатынын айтты.
Қаражал қаласының мектептерінде «Таза қала» тақырыбында экологиялық сабақтар өтті. Оқушылар тұрмыстық мәдениет, қоқысты сұрыптау және табиғатқа ұқыпты қарау дағдыларымен танысты. Сабақтың мақсаты — жас буынға тазалық мәдениетін дарыту.
2025 жылдың басынан бері облыста 13 облыстық және 17 қалалық сенбілік өткізілді. «Таза Қазақстан» акциясы қоршаған ортаны жақсартумен қатар экологиялық сананы, рухани тазалық пен отансүйгіштік құндылықтарын ілгерілетуге бағытталған.