Басты жаңалықМәдениет

«Мен өмірді жырлау үшін келгенмін»: Ұлытауда Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына арналған кеш өтт

Қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, лирик ақын Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына орай Серке Қожамқұлов атындағы қазақ музыкалық-драма театрында «Мен өмірді жырлау үшін келгенмін» атты әдеби-сазды кеш өтті.

Шара Абай атындағы мамандандырылған мектеп-интернатының бастамасымен ұйымдастырылып, оған білім беру ұйымдарының басшылары, ұстаздар, ата-аналар мен оқушылар қатысты.

Кеш барысында жас өнерпаздар ақынның әндерін орындап, жүрекке жақын өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Сондай-ақ оқушылар Мұқағали өмірінен сахналық қойылымдар ұсынып, көрерменге ақын болмысын тереңірек сезінуге мүмкіндік берді.

Мектеп директоры Динара Қапарованың айтуынша, кештің басты мақсаты — оқушыларды шығармашылыққа баулу және ақын мұрасын жас ұрпақ арасында кеңінен насихаттау.

Іс-шара аясында жүзге жуық оқушының қатысуымен шығармашылық көрме ұйымдастырылып, Мұқағали поэзиясының тәрбиелік мәні кеңінен айтылды.

Көрермен көңілінен шыққан тағылымды кеш ақын шығармашылығының уақыт өткен сайын өзектілігін жоғалтпай, рухани құндылық ретінде ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқанын тағы бір мәрте көрсетті.

Back to top button