Ұлытау облысында төтенше жағдайлар қызметінің мамандары жолда қалған азаматтарға жедел көмек көрсетті.
Оқиға «Ұлытау – Жезқазған» тас жолында, Ұлытау ауылынан шамамен 35 шақырым жерде болған.

Жеңіл автокөлік қалың қарға батып, қозғала алмай қалған. Көлік ішінде өздігінен шыға алмаған 8 адам болған.
Хабарлама түскеннен кейін оқиға орнына құтқарушылар дереу жетті. ТЖМ қызметкерлерінің үйлесімді әрі кәсіби әрекеттерінің нәтижесінде автокөлік қар құрсауынан шығарылып, жолдың тазартылған бөлігіне жеткізілді.
Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ, медициналық көмек ешкімге қажет болмады. Жолаушылар сапарын әрі қарай жалғастырды.
Төтенше жағдайлар департаменті жүргізушілерге ауа райының қолайсыз кезеңінде алыс жолға шыққанда сақтық шараларын қатаң сақтауды ескертеді.