Студенттерге құқықтық кеңес берілді

Ұлытау облысында «Заң мен тәртіп!» қағидатын жүзеге асыру аясында облыс орталығындағы Жезқазған жоғары медициналық колледжі мен Жезқазған жоғары политехникалық колледжі студенттерімен құқықтық кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты — жастар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу, заң талаптарын сақтау мәдениетін қалыптастыру және құқықтық сауаттылық деңгейін арттыру.
Алдымен мамандар медициналық колледж студенттерімен жүздесті. Кездесу барысында буллинг, сталкинг, нашақорлық, дропперлік секілді құқыққа қайшы әрекеттердің қоғамға және жеке тұлғаға тигізетін зияны жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар соңғы уақытта интернет-алаяқтық деректерінің көбейгені айтылып, жеке деректердің қауіпсіздігін сақтау, банк карталарын бөгде адамдарға бермеу және күмәнді қаржылық операцияларға қатыспау қажеттігі ескертілді. Заңсыз әрекеттердің болашақ маманның мансабына кері әсер ететіні де атап өтілді.
Кездесу әрі қарай политехникалық колледжде жалғасты. Ашық форматта өткен жиында студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, құқықтық жауапкершілік мәселелері талқыланды. Әсіресе кибербуллинг пен өзге де құқыққа қарсы әрекеттердің салдары нақты мысалдар арқылы түсіндірілді.Осындай ақпараттық-түсіндіру кездесулері алдағы уақытта өңірдегі басқа да білім беру ұйымдарында кезең-кезеңімен өткізілмек.