Дін мен мемлекет арасы айқындалады — Конституция жобасы

Жаңа Конституция жобасында алғаш рет діннің мемлекеттен бөлек екені нақты көрсетілмек. Егер жалпыхалықтық референдумда құжат мақұлданса, бұл норма заңды күшіне енеді.
Республикалық басылымдар жариялаған жобаға сәйкес, 7-баптың 1-тармағында «Дін мемлекеттен бөлек» деп жазылған. Ал осы баптың 2-тармағында діни ұйымдардың қызметі заң аясында жүзеге асырылатыны, қажет болған жағдайда конституциялық құрылымды, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, ұлттық қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті сақтау, сондай-ақ халықтың денсаулығы мен адамгершілік құндылықтарын қорғау мақсатында шектелуі мүмкін екені көрсетілген.
Айта кетейік, қолданыстағы Конституцияда дінге қатысты нормалар бірнеше бапта қамтылған. Мәселен, 5-бапта шетелдік діни бірлестіктердің қызметі мен діни жетекшілерді тағайындау мемлекеттік органдармен келісу арқылы жүргізілетіні жазылған. Ал 14-бап ешкімді дініне немесе өзге де белгілеріне қарай кемсітуге болмайтынын бекітеді. Сонымен қатар, 19-бапта әр азаматтың қай дінге жататынын өзі анықтауға және оны жариялау-жарияламауға құқылы екені атап өтілген.
Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның тоғызыншы отырысында Премьер-министрдің орынбасары — Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жаңа жоба дін мен мемлекеттің ара-жігін нақты ажыратуға бағытталғанын мәлімдеген.
Еске салайық, Мемлекет басшысы 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойған болатын.