Қос азаматтықты болдырмау туралы талап нақты сөз тіркесімен жазылды

Қолданыстағы Конституцияның 10-бабында «Республика азаматының басқа мемлекеттің азаматтығында болуы танылмайды» деп көрсетілген. Ал жаңа Конституция жобасында бұл мәселеге нақты нүкте қойылып, «жол берілмейді» деген үзілді-кесілді талап енгізілген.
Қазақстан Республикасының азаматында қос немесе көп азаматтықтың болуына жол берілмейді. Өзге ел азаматтығының болуы Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтатуға негіз болады, – делінген Конституцияның жаңа жобасының 13-бабында.
Сонымен қатар, қолданыстағы Конституцияда құқықбұзушылықтың құқықтық салдары нақты жазылмаған. Ал жаңа жобада өзге елдің төлқұжатын алу ҚР азаматтығын тоқтатуға тікелей негіз болатыны көрсетілген.
Айта кетейік, жаңа жоба мәтінінде лингвистикалық сапаға да ерекше мән берілген. Қолданыстағы Конституцияның 10-бабындағы орыс тілінен тікелей аударылған «болып табылады» деген шұбалаңқы тіркес жаңа нұсқада алынып тасталып, ой жинақы әрі таза қазақ тілінде жеткізілген.
Бұған дейін Конституциялық комиссия Мемлекет басшысына жаңа Конституцияның қорытынды жобасын ұсынған болатын.