Жезқазғанда мұғалімдер заманауи оқыту әдістерін талқылады

Жезқазғанда №26 гимназияда жаратылыстану-математикалық пәндер мұғалімдеріне арналған облыстық семинар өтті.
«Педагогикалық академия M.E.T.A. стиліндегі білім беру» тақырыбындағы жиын биология, химия, физика, математика, информатика және жаратылыстану пәндерінің ұстаздарына тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді.
Семинардың басты мақсаты – мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттырып, сабаққа заманауи технологиялар мен әдістерді тиімді енгізу. Қатысушылар практикалық сессияларда цифрлық модельдеу, зерттеу жобалары және аналитикалық дағдыларды дамытуға арналған әдістерді меңгерді. Сондай-ақ авторлық бағдарламалар мен интеллектуалды өнімдерді сабақта қолдану жолдары көрсетілді.
Жиын барысында мұғалімдер өз тәжірибелерін бөлісіп, жаңа идеяларды талқылап, білім беру сапасын жақсарту бағытында бірлескен шешімдер қабылдады. Семинар қатысушыларының пікірінше, мұндай кездесулер педагогтарға кәсіби дамуға және оқушылардың қызығушылығын арттыруға көмектеседі.