Қазақстанда 2026 жылы 90 мектептің құрылысы қолға алынды

Елімізде апатты және үшауысымды мектептерді азайту бағытындағы жұмыстар жалғасып келеді. ҚР Оқу-ағарту министрлігі таратқан ақпаратқа сәйкес, 2026 жылы 47 мыңға жуық оқушыға арналған 90 жаңа мектеп салынуда.
Білім беру нысандары Арнайы мемлекеттік қор, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры, жергілікті бюджет және жеке инвестициялар есебінен бой көтереді. Жаңа мектептердің негізгі бөлігі Астана мен Шымкент қалаларында, сондай-ақ Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында орналасады.
Материалдық-техникалық базаны жаңарту мақсатында мектептерге химия, физика, биология, робототехника және STEM бағыттары бойынша 1000 заманауи пәндік кабинет орнату жоспарланған. Соңғы үш жылда ел мектептеріне 4320 кабинет жеткізілген.
Сонымен қатар 2029 жылға дейін бірыңғай заманауи мектеп инфрақұрылымына көшу үшін 1300 білім беру ұйымын жаңғырту бағдарламасы іске асуда. Оның 900-і ауылдық елді мекендерде орналасқан. Өткен жылы 209 мектеп жаңартудан өтсе, биыл тағы 98 нысанда реновация жұмыстары жүргізілуде. Жоба аясында күрделі жөндеу, жаңа кабинеттер орнату, жиһаздарды жаңарту, кітапхана мен асханаларды қайта жабдықтау, спорт залдарын салу және қауіпсіздік жүйелерін енгізу қарастырылған.
Айта кетейік, 2025 жылы 236 мың оқушы орнына арналған 162 мектеп пайдалануға берілді. Ал соңғы үш жылда 746 мың орындық 584 мектептің құрылысы аяқталған.