БілімМәдениет

Ұлытауда «Жүрсін оқулары» облыстық байқауы өтті

Ұлытау ауданында қазақ руханиятына зор үлес қосқан ақын Жүрсін Ерманның 75 жылдық мерейтойына орай облыстық «Жүрсін оқулары» байқауы ұйымдастырылды. Тағылымды шараның негізгі мақсаты — ақын шығармаларын кеңінен насихаттау, жастардың көркем сөзге қызығушылығын арттыру және ұлттық әдеби мұраға құрметті күшейту.

Қатысушылар ақынның лирикалық және философиялық бағыттағы өлеңдерін мәнерлеп оқып, сахналық мәдениеті мен дикциясын, шығарманы түсіну деңгейін көрсетті. Байқау талаптарына сай үміткерлер бірқатар туындыларды жатқа орындап, көркем оқу шеберлігін жан-жақты дәлелдеуге тырысты.

Қорытындысында үздік өнер көрсеткен қатысушылар марапатталып, жүлдегерлерге қаржылай сыйлықтар табыс етілді. Сонымен қатар барлық үміткерге ынталандыру сыйақылары берілді. Шара барысында ақын мұрасын дәріптеуге арналған шағын әдеби-танымдық бөлімдер де ұйымдастырылып, көрермендерге рухани әсер сыйлады.

Ұйымдастырушылар мұндай байқаулар жас буынның әдеби талғамын қалыптастыруға, ұлттық сөз өнерін дәріптеуге ықпал ететінін атап өтіп, мерейтой аясындағы мәдени іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасатынын хабарлады.

Back to top button