Қоғам

Ұлытау облысында су тасқыны қаупі бар 8 елді мекен бақылауда

Ұлытау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте өңірдің көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындығы талқыланды.Брифинг барысында Ұлытау облысы ТЖД бастығының орынбасары, азаматтық қорғау подполковнигі Чингиз Самиев және төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бас маманы, азаматтық қорғау аға лейтенанты Қуандық Мадбаев өңірдегі ахуал туралы мәлімет берді.

Олардың айтуынша, облыс аумағында су басу қаупі бар 27 елді мекен анықталған. Қазіргі таңда жүргізілген алдын алу шаралары нәтижесінде 19 елді мекенде қауіп деңгейі төмендетілген. Ал 8 елді мекенде қауіп сақталып отыр — Ақшағат, Ынталы, Қаракеңгір, Жезді, Жыланды, Қарсақпай, Түйемойнақ қыстауы және Ақтай ауылы. Қазіргі уақытта Сарысу, Жаман-Сарысу, Сарыкеңгір, Қаракеңгір, Жезді, Қара-Торғай, Сары-Торғай өзендері мен Кенгір, Жезді, Ақтасты су қоймалары тұрақты бақылауда. Мониторинг визуалды түрде және «Tasqyn» бағдарламасы арқылы онлайн режимде жүргізілуде.

11-12 ақпанда төтенше жағдайлар қызметі мен жергілікті атқарушы органдар қауіпті аймақтарды аралап, әкімдіктерге нақты тапсырмалар берген. Сонымен қатар 25-27 ақпан күндері «Көктем-2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтеді. Қазіргі таңда ықтимал төтенше жағдайларға 292 қызметкер мен 69 бірлік техника дайын. Қажет болған жағдайда 44 уақытша орналастыру пункті ашылып, 34 мыңнан астам адамды қабылдай алады.

Сондай-ақ жанар-жағармай, азық-түлік, инертті материалдар мен қаптар қоры жасақталған. Көршілес Түркістан, Жамбыл және Қызылорда облыстарымен өзара іс-қимыл жоспары бекітілген.Қазгидромет болжамы бойынша, су тасқынының шарықтау кезеңі 4-15 сәуір аралығында күтіледі.Спикерлер өңірде қабылданып жатқан шаралар көктемгі кезеңді төтенше жағдайсыз өткізуге бағытталғанын атап өтті.

Back to top button