Ұлытау тынысы

Қаражалдағы кеніште 30 жылдан кейінгі тарихи жетістік: өндіріс көлемі бірнеше есе артады

Ұлытау облысының Қаражал қаласындағы «Батыс Қаражал» кен орнында соңғы 30 жылда алғаш рет жерасты тау-кен қазбаларының сбойкасы жүзеге асырылды. Бұл – «Атасу» руднигі мен өңірдің өнеркәсіп саласы үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашқан маңызды өндірістік кезең.

Сбойка – бір-біріне қарама-қарсы бағытта жүргізілген жерасты қазбаларын дәлдікпен түйістіру процесі. Жоғары инженерлік есептеулер мен кеншілердің үйлесімді еңбегінің нәтижесінде жаңа горизонт шахтаның негізгі жерасты көлік магистралі – автотранспорттық еңіспен қосылды. Енді ауыр техника бұрын қол күшімен игерілген шалғай учаскелерге еркін жете алады.

Өндірістің жаңа кезеңі

Жоба іске асқаннан кейін кәсіпорында марганец кенін өндіру бағытын дамытуға мүмкіндік туды. Қазіргі таңда рудник жылына 2,2 млн тонна кен өндірсе, 2028 жылға қарай бұл көрсеткіш 9,5 млн тоннаға дейін ұлғаймақ.

Рудник басшылығының айтуынша, бұл шешім ұзақ жылдар бойы талқыланып келген және кен орнындағы жаңа қорларды игеруге жол ашады.

Әлемдік маңызы бар марганец қоры

Кеніште 349 млн тонна марганец кені шоғырланған. 2026 жылы 500 мың тонна марганец өндіру жоспарланса, жобалық қуаты жылына 2,5 млн тоннаға жетеді.

Марганец металлургияда берік әрі тозуға төзімді болат өндіруде кеңінен қолданылады. Сонымен қатар машина жасау, құрылыс, теміржол өндірісі, химия өнеркәсібі және аккумулятор шығару салаларында сұранысқа ие.

1000-нан астам жаңа жұмыс орны

Темір рудасы департаментінде жүзеге асырылатын ірі инвестициялық жобалардың қатарында Орталық стволдар тобын салу және жинақталған шламдарды қайта өңдеу бағдарламасы бар. Бұл бастамалар:

  • өндіріс тиімділігін арттырады

  • шикізат базасын кеңейтеді

  • техногендік ресурстарды қайта айналымға енгізеді

  • 1000-нан астам жаңа жұмыс орнын ашады

Жалпы инвестиция көлемі 400 млн доллардан асады.

Мамандардың пікірінше, жобалардың толық іске асуы Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін күшейтеді.

Back to top button