Сәтбаевта көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстары жүргізілуде

Сәтбаев қаласында көктемгі қар суының еру кезеңінде болуы мүмкін су басу қаупінің алдын алу шаралары қолға алынды. Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады.
Өткен жылдар тәжірибесін ескере отырып, Төтенше жағдайлар бөлімі басшысымен бірлесіп, су тасқыны қаупі бар аумақтарға тексеру жүргізілді. Атап айтқанда, «Горняк» саяжайы маңы мен Степная көшесі бойындағы айналма арнаның қазіргі жағдайы бақылауға алынды.
Мамандардың айтуынша, көктем мезгілінде айналма арнаның толып ағуы салдарынан аталған аумақтағы саяжай учаскелерін жыл сайын су басу қаупі туындайды. Осыған байланысты 2025 жылдың басында айналма арна Сәтбаев қаласы әкімдігінің шешімімен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің коммуналдық меншігіне қабылданған.
Өткен жылдың қараша айында су тасқынының алдын алу мақсатында арнаны кеңейту және тазарту жұмыстары жүргізіліп, ұзындығы 1 шақырым болатын топырақ үйіндісі көтерілді.
Қазіргі уақытта су басу қаупінің алдын алу бағытындағы жағдай тұрақты бақылауда. Көктемгі кезеңге дайындық жұмыстары жалғасуда.