Ұлытау облысында 47,3 млрд теңгенің инвестициялық бағдарламасы іске асырылды

Ұлытау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыстық департаментінің басшысы Дәуір Жүнісбеков 2025 жылдың жұмыс қорытындысын жариялады.
Баяндамашының айтуынша, есепті кезеңде департамент 15 табиғи монополия субъектісінің қызметін реттеді. Жалпы реттелетін қызмет саны 39-ды құрады. Оның ішінде су және сарқынды су жүйесі саласында — 20, электр энергетикасы бағытында — 5, жылумен жабдықтау бойынша — 13 және кірме жолдар саласында 1 қызмет көрсетілді.
Бес кәсіпорын бес жылдық ұзақ мерзімді тарифтер негізінде жұмыс істеп жатыр. Олардың бекітілген инвестициялық бағдарламалары негізгі активтерді жаңғыртуға және реконструкциялауға бағытталған. 5 жылға жоспарланған инвестиция көлемі 47,3 млрд теңгені құрайды. Қалған 10 субъект қуаты аз кәсіпорындар санатына жатады. Сонымен қатар, қоғамдық маңызы бар нарықтағы бір субъектінің электр энергиясын бөлшек саудада өткізу саласында баға белгілеу тәртібінің сақталуына бақылау жүргізілді.
2025 жылдың қаңтар-желтоқсан айлары аралығында департаментке 244 өтініш пен ақпарат түсті. Оның 47-сі бекітілді, 30 өтініш бойынша бас тарту берілді, 15 өтінім кері қайтарылды, 11 өтінім қаралу үстінде. Сондай-ақ 12 есеп пен 129 хабарлама тіркелді.Тарифтік сметалар мен инвестициялық бағдарламалардың орындалуы 10 жария тыңдауда талқыланды. Тарифтерден түскен қаражаттың мақсатты жұмсалуын көрсету мақсатында 5 баспасөз туры ұйымдастырылды. Жыл ішінде 12 қоғамдық қабылдау өткізілді.
Департаментке 2024 жылға бекітілген 44 тарифтік сметаның және 24 инвестициялық бағдарламаның орындалуы туралы есеп ұсынылды. Қазіргі уақытта тарифтік сметалардың орындалуы бойынша 50 есеп қаралуда.Жыл басынан бері 2 азаматтық және әкімшілік іс қаралды: бір іс департамент пайдасына шешілді, бір іс сотта қаралып жатыр. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау мақсатында 5 әкімшілік іс қозғалып, 9,8 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Оның 7,17 млн теңгесі мемлекеттік бюджетке өндірілді.
Есепті кезеңде департамент 5 мемлекеттік қызметті электронды форматта көрсетті. 6 өтініш түсіп, оның 4-і қанағаттандырылды, 1 өтінішке бас тарту берілді және 1 лицензия рәсімделді.Брифинг барысында тарифтердің экономикалық негізділігін сақтау, тұтынушылардың құқықтарын қорғау және инвестициялық міндеттемелердің орындалуын бақылау негізгі бағыт болып қала беретіні атап өтілді.