Қызметтік әдеп сақтау мәселесі талқыланды

Ұлытау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінде Ұлытау облысы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Жанагүл Еділбаеваның қатысуымен кезекті брифинг өтті. Кездесуде мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын сақтау бағытында атқарылған профилактикалық жұмыстар мен алдағы міндеттер баяндалды.
Спикердің айтуынша, Әдеп жөніндегі уәкіл институты 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілді. Бұл бастама Қазақстан Республикасының Президенті жариялаған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында жүзеге асырылған. Биыл аталған институттың құрылғанына 10 жыл толып отыр.Брифинг барысында мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексін, «Мемлекеттік қызмет туралы» және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңнамаларды сақтау міндеттері кеңінен түсіндірілді. Әдеп жөніндегі уәкілдің негізгі құзыретіне түсіндіру жұмыстарын жүргізу, жеке консультациялар беру, өтініштерді қарау және құқықбұзушылықтардың алдын алу шараларын ұйымдастыру кіреді.
2025 жылдың қорытындысы бойынша 42 семинар-кеңес өткізіліп, 62 түсіндіру шарасы ұйымдастырылған. Профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде қоғамдық тәртіпке қатысты құқықбұзушылықтар саны айтарлықтай азайған. Егер алдыңғы жылы 7–8 әкімшілік құқықбұзушылық тіркелсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 1 жағдайға дейін төмендеген.Сонымен қатар қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі — құмар ойындарға қатысу деректері де назардан тыс қалмаған. 2024 жылғы 8 шілдеде қабылданған №116-VIII заңға сәйкес «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңның 12-бабына толықтыру енгізіліп, мемлекеттік қызметшілерге ойын мекемелерінде және интернет арқылы бәс тігуге тыйым салынған. Аталған шектеулерді бұзу қызметтен босатуға негіз болады.
Өткен кезеңде түсіндіру жұмыстары, тікелей эфирлер, ашық есік күндері, сондай-ақ «Лудомания – ғасыр дерті» тақырыбында ақпараттық материалдар жарияланған. Соған қарамастан, заң талаптарын бұзған 5 лауазымды тұлға қызметінен босатылған.2025 жылы 77 мемлекеттік қызметшіге жеке консультациялық көмек көрсетілген. Жыл басынан бері Әдеп кодексі талаптарын бұзу мәселелері бойынша 9 өтініш түсіп, 44 мемлекеттік қызметшімен алдын алу жұмыстары жүргізілген.
Биылғы жылы профилактикалық шараларды күшейту мақсатында Ұлытау облысы полиция департаменті мен Экономикалық тергеп-тексеру департаментімен өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалған. Алдағы уақытта үкіметтік емес ұйымдармен де бірлескен жұмыстар жүргізу жоспарланып отыр.Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілер арасында мас күйінде қоғамдық орындарда жүрудің, есірткі құралдарын заңсыз тұтынудың, көлікті масаң күйде басқарудың, жыныстық қудалау мен кемсітушіліктің, сондай-ақ деструктивті діни ағымдарға тартылудың алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жалғасады.