E-QYZMET — мемлекеттік қызметке іріктеудің онлайн жүйесі

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мемлекеттік қызметке іріктеу мен қабылдау процестері толық цифрлық форматқа көшті. 2024 жылдан бастап «E-Qyzmet» ақпараттық жүйесі арқылы мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа форматы іске қосылды.
Енді мемлекеттік қызметке орналасу тек қағазбен емес, онлайн түрде жүзеге асады. Үміткерлер кез келген өңірден немесе тіпті шетелден портал арқылы өтінім бере алады. Іріктеу бірнеше кезеңнен тұрады: заңнаманы білуге арналған тест, жеке қасиеттерді бағалау, мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін тексеру. Төменгі санаттағы лауазымдарға практикалық бағалау, ал жоғары санаттағы лауазымдарға әңгімелесу және кейбір жағдайда эссе жазу қарастырылған.
Жаңа жүйе арқылы жоғары балл жинаған мамандар қазір Ұлытау облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері департаментінде табысты еңбек етуде. Мамандардың айтуынша, «E-Qyzmet» порталы мемлекеттік қызметке орналасуды ыңғайлы әрі қолжетімді етті және жаңа кадрларға өз мүмкіндіктерін көрсетуге жол ашты.
Осылайша, «E-Qyzmet» жүйесі мемлекеттік қызметке іріктеуді ашық, әділ және заманауи цифрлық форматта жүргізуге мүмкіндік беріп отыр.