Қоғам

Жезқазғанда «Таза Қазақстан» аясында үздік эко-жобалар анықталды

Жезқазған қаласындағы Балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығында «Таза Қазақстан» акциясы аясында өткен «Қалдықтарды бөлек жинау бойынша эко-мәдениетті қалыптастыру» тақырыбындағы байқаудың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

Іс-шараның басты мақсаты – оқушылар арасында қалдықтарды сұрыптау мәдениетін қалыптастыру, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды дәріптеу және экологиялық білім беруді дамытуға үлес қосқан білім беру ұйымдарын ынталандыру.

Байқау қорытындысы бойынша үздік деп танылған білім ошақтары арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Жүлделі І орынды Қабден Шыңғысов атындағы №5 жалпы білім беретін мектеп иеленіп, ноутбукқа қол жеткізді. ІІ орын Қаныш Сәтбаев атындағы №7 мектеп-лицейіне бұйырып, оларға принтер табысталды. Ал ІІІ орынды №8 гимназия жеңіп алып, планшетпен марапатталды.

Жеңімпаздарды «Жасыл даму» АҚ инвестициялық жобалар департаментінің директоры Серікбол Мұратұлы Калиакбаров арнайы марапаттады.

Шара барысында табиғат жанашырларының қоршаған ортаны қорғау бағытындағы белсенді еңбегі ерекше атап өтілді. Мұндай бастамалар жас ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастырып, табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруда маңызды рөл атқарады.

Back to top button