
Ұлытау өңірінің спортшылары түрлі деңгейдегі жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп, ел абыройын асқақтатуда. Соның бірі – самбо күресінен Армения мемлекетінде өткен Әлем кубогінде күміс жүлдеге ие болған Шадияр Серік. Бұл – өңір спорты үшін үлкен жетістік.

Сонымен қатар, облыс орталығындағы Кеңгір футбол аренасында шағын футболдан Ұлытау облысының чемпионаты өз мәресіне жетті. Бір айдан астам уақытқа созылған тартысты додада Ұлытау ауданының 2013–2014 жылғы командасы барлық қарсыластарынан басым түсіп, үшінші жыл қатарынан чемпион атанды. Ал 2015–2016 жылғы команда 4-орынға тұрақтады. Финалдық ойынға аудан әкімі Аманжол Мырзабеков қатысып, жас спортшыларды құттықтады. Ауданда футболдың дамуына жаттықтырушы Бекзат Сыздықовтың қосқан үлесі зор.
Бұдан бөлек, дзюдодан 2014–2015 жылы туған жасөспірімдер арасында Сәтбаев қаласының ашық біріншілігінде Ұлытау аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің спортшылары да жүлделі орындарға ие болды. Атап айтқанда, 30 келіде Марат Айша чемпион атанса, 23 келіде Арыстан Абылайхан мен Төлеген Аслан да жеңіс тұғырынан көрінді. Сондай-ақ, Талғат Диас, Марат Бекжан, Қайырбек Бағжан, Есенқабыл Ханкелді және Нұрғалиұлы Нұралы жүлдегерлер қатарынан табылды.
Бұл жетістіктер – өңірде спорт саласының жүйелі дамып келе жатқанын көрсетеді. Алдағы уақытта да Ұлытау жастары бұдан да биік белестерді бағындыратынына сенім мол.