Ай сайынғы мониторинг бюджеттің тиімді игерілуіне әсер ете ме?

Ұлытауда құрылыс пен бюджет игеру мәселесі талқыланды
Ұлытау облысы әкімінің төрағалығымен өткен аппарат кеңесінде бірінші тоқсандағы бюджет қаражатының игерілуі және жыл соңына дейін пайдалануға берілетін құрылыс нысандарының жай-күйі қаралды.

Өңір басшысы барлық жобаның уақытылы әрі сапалы жүзеге асырылуы басты міндет екенін атап өтіп, мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жеделдетіп, міндеттемелерді дер кезінде орындауды қатаң бақылауға алуды тапсырды. Сондай-ақ, 2026 жылға арналған бюджетті тиімді игеру үшін ай сайынғы мониторинг жүргізу жүктелді.
Айта кету керек, биылғы жылдың алғашқы үш айында құрылыс көрсеткіштері өткен жылмен салыстырғанда екі есеге артқан. Жыл соңына дейін бірқатар тұрғын үй мен әлеуметтік нысандарды пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, жауапты басқармаларға жобалық құжаттарды жедел әзірлеу, өтпелі жобаларды бақылауда ұстау және келесі жылға нақты жоспар әзірлеу міндеттелді. Ал қала және аудан әкімдеріне құрылыс нысандарын тікелей бақылау тапсырылды.