Спорт

Ұлытаулық төрт дзюдо маманы халықаралық деңгейдегі біліктілігін растады

Ұлытау облысының төрт дзюдо маманы халықаралық деңгейдегі кәсіби даярлықтан өтіп, арнайы сертификаттарға ие болды. Олар Түркияның Ыстанбұл қаласында өткен Халықаралық дзюдо федерациясы академиясының (IJF Academy) Level 1 бағдарламасын сәтті аяқтады.

16–21 қараша аралығында ұйымдастырылған халықаралық оқу-жаттығу жиынына әлемнің 11 елінен 47 маман қатысты. Алты сарапшы жетекшілік еткен бағдарлама аясында қатысушылар дзюдоның теориялық негіздерін тереңдетіп, әдіс-тәсілдерді тәжірибе жүзінде пысықтады.

Оқу барысында Кодокан жүйесіндегі 100 негізгі дзюдо әдісі қарастырылды. Сондай-ақ қатысушылар Nage-no-kata, Nage-waza және Katame-waza бағыттары бойынша практикалық сынақтардан өтті. Бұл бағыттар лақтыру, кілемдегі күрес және техникалық шеберлікті жетілдіруді қамтиды.

Халықаралық бағдарламаға Ұлытау облысынан Елдос Қайсар, Батырлан Өмірзақов, Ерболат Қаракесеков және Жандос Қайсаров қатысты. Төрт маман да оқу талаптарын орындап, арнайы сертификаттарға қол жеткізді.

Айта кетейік, IJF Academy – Халықаралық дзюдо федерациясының кәсіби білім беру академиясы. Оның Level 1 бағдарламасы жасөспірімдермен және бастапқы деңгейдегі спортшылармен жұмыс істейтін жаттықтырушылардың теориялық білімі мен практикалық дағдыларын дамытуға бағытталған.

Жаттықтырушының кәсіби білімі – жас спортшының қалыптасуындағы маңызды факторлардың бірі. Сондықтан халықаралық стандарттарға сай білім алған мамандардың тәжірибесі алдағы уақытта өңірдегі дзюдо мектебінің дамуына, жас балуандардың дайындығына тың серпін береді деген үміт бар.

Back to top button