Ұлытау тынысы

Сәтбаевта жаңа дизайн-код: қала келбеті түбегейлі өзгере ме?

2025 жылдан бастап «Сәтбаев қаласының жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесі қала кеңістігін жүйелеу және заманауи келбетін қалыптастыру мақсатында Дизайн-код жобасын іске асыруда. Жобаның негізгі мақсаты – қаланы ретсіз жарнама мен әркелкі сәулеттік шешімдерден арылтып, тұрғындар үшін ыңғайлы, эстетикалық тартымды әрі үйлесімді орта қалыптастыру.

Аталған бастама 2026 жылы да өз жалғасын тапты. Соның аясында Ұлытау көшесі бойындағы қоғамдық ғимараттар мен тұрғын үйлердің аумағын абаттандыру және қасбеттеріне бірыңғай сәулеттік стиль енгізу жобасы әзірленді. Жоба 21 сәуір күні қала басшылығына таныстырылды.

Жаңа тұжырымдамада ғимараттардың сыртқы келбетін біріздендіру, түстік шешімдерді үйлестіру, маңдайшалар мен жарнамалық конструкцияларды ретке келтіру, сондай-ақ қоғамдық кеңістіктердің эстетикасын арттыру көзделген. Бұл қадам қаланың визуалды келбетін жақсартып қана қоймай, оның туристік және инвестициялық тартымдылығын арттыруға да ықпал етпек.

Мамандардың айтуынша, мұндай дизайн-кодтар қазіргі урбанистикада кеңінен қолданылып келеді және қалалардың бірегей стилін қалыптастыруда маңызды құралдардың бірі саналады. Сәтбаевта қолға алынған жоба да осы бағыттағы жүйелі жұмыстың бір бөлігі.

Алдағы кезеңде жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, қала көшелерінің келбеті біртіндеп жаңарады деп күтілуде.



Back to top button