
2026 жылғы 30 сәуірде Ұлытау облысында жастардың патриоттық рухын нығайтуға бағытталған дәстүрлі «Айбын–2026» әскери-патриоттық жиынының ашылу салтанаты өтті.
Ауқымды шараға өңірдің түкпір-түкпірінен келген жастар қатысты. Атап айтқанда, Жезқазған және Сәтбаев қалаларынан, сондай-ақ Жаңаарқа, Қаражал және Ұлытау аудандарынан жиналған қатысушылар өздерінің әскери және дене дайындығын сынға салды.
Жиын барысында пневматикалық винтовкадан ату, АК-47 қаруын толық бөлшектеу және жинау, жүзу, сондай-ақ түрлі күштік жаттығулар бойынша жарыстар ұйымдастырылды. Қыздар денені көтеру жаттығуын орындаса, ұлдар турникке тартылудан бақ сынады.
Салтанатты ашылу рәсімінде қатысушыларды облыс әкімінің орынбасары З. Акылбекова мен қорғаныс істері департаментінің аға офицері, подполковник Арман Берікұлы Махатов құттықтады. Олар өз сөздерінде ел тыныштығы мен бейбіт өмірін қорғау – әр азаматтың қасиетті борышы екенін атап өтті.
«Айбын–2026» жиынының басты мақсаты – жас ұрпақтың әскери-патриоттық тәрбиесін күшейту, салауатты өмір салтын насихаттау және Қарулы Күштердің беделін арттыру. Мұндай шаралар жастардың бойында елге деген сүйіспеншілік пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға ықпал етеді.
Жиын қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.