
Ұлытау облысында Қазақстан халқының бірлігі күніне орай ауқымды мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Салтанатты жиынға облыс әкімі Дастан Рыспеков қатысып, өңір тұрғындарын айтулы мерекемен құттықтады.

Аймақ басшысы өз сөзінде елдегі тұрақтылық пен дамудың негізі – бірлік пен татулық екенін атап өтті. Оның айтуынша, қасиетті Ұлытау жері ежелден ел тағдыры шешілген, бірлік пен тұтастықтың символына айналған киелі мекен. Бұл өңір тек географиялық аймақ қана емес, ұлттық рух пен мемлекеттік бірліктің алтын діңгегі саналады.


– Ынтымақ пен татулық – біздің басты құндылығымыз. Ұлытау – халқымыздың тарихи жады мен рухани тұтастығын сақтаған қасиетті өлке. Бүгінде өңірде түрлі этнос өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп, ел дамуына өз үлестерін қосып келеді, – деді облыс әкімі.
Мерекелік бағдарлама аясында этномәдени бірлестіктердің көрмелері қойылып, әр ұлттың салт-дәстүрі мен мәдениеті кеңінен таныстырылды. Сондай-ақ, ұлттық өнер мен достықты дәріптейтін концерттік қойылымдар көпшілік назарына ұсынылды.


Іс-шара қоғамдық келісім мен өзара құрметті нығайтып, ел бірлігінің маңызын айқындай түскен тағылымды мерекеге айналды.